Қырғыз Республикасы ІІМ-нің басшылығы мен Қазақстан Республикасы ІІМ-нің делегациясы Бішкекте бас қосты

БІШКЕК. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Владимир Добровольский/ - Қырғыз Республикасы Ішкі істер министрлігінің басшылығы мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің делегациясы ішкі қауіпсіздік және қылмыспен күресті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешудегі екі елдің ішкі істер органдарының өзара іс-қимылдарының перспективаларын талқылады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қырғыз министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Бақыт Сеитовке сілтеме жасап «Кабар» Ұлттық ақпарат агенттігінің хабарлауынша, кеше Бішкекте Қырғыз Республикасының Ішкі істер министрі Молдомус Қонғантиев Қазақстан делегациясымен кездесті. Қазақстан делегациясының құрамына Қылмыстық полиция комитеті төрағасының орынбасары Бекет Аймағанбетов, Жамбыл облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы Мейірхан Жаманбаев, Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің бастығы Ерлан Тұрғымбаев және Жамбыл облысының Қордай аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы Талғат Жүнісқадыров кірді.Кездесу барысында тараптар адам ұрлаумен, халықаралық лаңкестікпен, трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен, қару-жарақтың, есірткінің заңсыз айналымымен, заңсыз миграциямен, көлік ұрлаумен, мал барымталаумен және басқа да заң бұзушылықтармен байланысты қылмыстарды тексеруде және жедел ақпарат алмасуда ішкі істер органдары бөлімдерінің өзара ынтымақтастығын нығайтуға мүдделілік білдірді.