Қырғыз шекарашылары содырлар тобымен атысып жатыр

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Ыстықкөл облысында қырғыз шекарашылары содырлар тобымен атысып жатыр. Бұл туралы Ресейдің «Жаңалықтар» ақпарат агенттігіне Қырғызстанның Мемлекеттік шекара қызметінің баспасөз хатшысы Гүлмира Бөрібаева мәлім еткен.

«Ыстықкөл шекара отряды учаскесінде шекара кезекшілері мен белгісіз адамдар арасында қарулы қақтығыс болды. Шекарашыларға келіп түскен ақпаратқа қарағанда, олар аңшы шаруашылығы қорықшысын өлтіріп, оның мылтығымен қаруланған», - деді ол.

Оның атап өтуінше, дабыл арқылы оқиға орнына жеткен шекарашылар 2 содырдың көзін жойған. Тағы да 10-нан астам адам жылыну бекетіне тығылып отыр. Оқиға орнына Шу шекара отряды арнайы жасағының тобы тікұшақпен ұшып шықты.