***
«Егемен Қазақстан» ұлттық газетінің алғашқы беттері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына жұмыс сапарында болуы тақырыбына арналған. Жылдағы дәстүр бойынша Мемлекет басшысы аймақтардағы егін орағының барасысымен танысып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кеңес өткізді, агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамытудың келелі міндеттері жайлы сөз қозғады.
«Тірі ағзаның белгілі бір элементін пайдалана отырып, оны тура сондай етіп, көбейтіп шығару үдерісін клондау дейді. Алғашында микробиология және селекция ғылымында пайда болған клондау жұмысы бірте-бірте қанатын кеңге жая бастады. Жан-жануарларға жасалған тәжірибе жұмысы сәтті шыққан соң ғалымдар соңғы кездері адам баласын клондауға талпыныс жасауда. Адамды клондау дегеніміз - бір адамның дене жасушасының ядросын пайдалану арқылы тап сол кісіден аумайтын екінші бір адам жасап шығару. Бұл ретте қолдан жасалған адам табиғи адамның тірі көшірмесі болуы керек. Яғни клон адамның бет-әлпеті, мінез-құлқы, дене құрылысы, тіпті ақыл-ойы мен ерекше қасиеттеріне дейін өзінің пайда болуына мүмкіндік берген табиғи адамнан айнымайтын болуы тиіс», - деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында. Осы жұмыспен айналысып жүрген бір топ ғалымдар өмірде ерекше жаратылған адамдарды жоғалтпауға немесе біреудің жалғызының орнын толтыруға, тіпті, баласы жоқтарға сәби сүюге мүмкіндік беретін клондау әдісін қажет деп есептеп, бұл тәсілді одан әрі зерттеп, дамытқанды жөн көреді. Ал, ғалымдардың екінші тобы қолдан жасалған адамдардың көбеюі қоғамның қалыпты дамуына кедергі келтіруі мүмкін деген пікірлерін алға тартып, адамдарды клондау әдісіне қарсы шығуда. Бұл жайында толық білгіңіз келсе, «Клондау - қазақ табиғатына жат құбылыс» атты мақаланы оқыңыз.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қазақстандағы тұңғыш толық автоматтандырылған сүт зауыты Талдықорған қаласында салынғалы жатыр. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтеретін заманауи өндіріс орнының жобасы «Даму» қорының өңірлік филиалы арқылы жүзеге асырылады. Қордың мәліметінше, жобаның негізгі міндеті - Жетісу өңірінің орталығындағы қалалық сүт зауытының құрылысын салып, жаңғырту болып табылады. Бұл толығымен автоматтандырылған режімде сүт өңдеуге есептелген Қазақстандағы алғашқы зауыт болады. Сонымен қатар, компанияның еншілес ұйымдары субсидия ала отырып, лизингіге сүт жинауға арналған тіркемесі бар автоцистерна мен дайын өнімдерді тасымалдауға арналған автокөліктер сатып алды. Қаладағы «JLC Сүт» серіктестігі - 2011 жылы 22 тамызда құрылған «Компания ФудМастер-Айс Крим» ЖШС-ның еншілес кәсіпорны. Қазіргі таңда компания Орта Азия өңірінде балмұздақ өндіретін ең ірі зауыттардың бірі болып отыр.
Ұлттық басылымның етжеңді санында Алтай балының проблемалары туралы көлемді мақала берілген, сондай-ақ «Казачество қоғамдық ұйым ба?», «Жарияланбаған соғыс» жауынгері» және басқа да көлемді сараптамалық материалдар оқырмандар назарын аударары анық
***
«Ыстықкөл - қырғыз елінің мақтанышы. Ол әлемдегі ірі 25 көлдің бірі, ал тереңдігі жағынан жетінші орында. Бұл жерге демалуға баратын жұрттың 75 пайызын қазақстандықтар құрап, ол ел бюджетінің басым бөлігін толықтыратын. Биыл осы көлдің қадірі кетті, оны осы деңгейге жеткізген көршілердің өзі. Қайталана беретін төңкеріс, тіпті жазда орын алған Ыстықкөл маңындағы тұрғындар арасындағы төбелес, туристерді тонау біраз жұрттың жүйкесін жұқартты. Әрі көлдің суы шілде айында да жылымайтындықтан, суық тиіп ауырғандар көп. Олардың біразы Ыстықкөл зардабынан арылу үшін Алакөлге барып қайта емделді. Мұның бәрі түк емес екен. Бұдан да зор оқиғалар енді белгілі бола бастады. Кеше Қырғыз ақпарат агенттігі Қырғызстанның Ыстықкөл облысының Ақ-Су ауданында без ісігі обасынан 15 жасар жеткіншек қайтыс болғаны хабарлады»,-деп жазады «Айқын» басылымы. Елдің Денсаулық сақтау министрлігіне Ыстықкөл облысының Ақ-Су ауданының Ичке-Жерге айылының бір тұрғынында оба ауруы бары туралы жедел ақпарат келіп түсіпті. «Эпидтексеру 15 жастағы науқастың 7 мамырдан бері әкесімен Ақ-Су ауданындағы Кашка - Суушатқалында мал баққанын анықтады. Ол ауырғанын 17 тамызда сезінген. 18 тамызда Ичке-Жерге айылындағы үйіне келіп, тек 22 тамызда ғана Ақ-Су ауданындағы ауруханаға көмек сұрап келген. Бірақ дәрігерлер қанша емдегенімен, науқас 22 тамызда 21.30 сағатта қаза болды» деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі. Бұл туралы «Қырғыз жақтан қауіп бар» деген мақалада жазылған.
Осы басылымда «Жаңа оқу жылына қаншалықты дайынбыз?» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Биыл мектеп қабырғаларында 2,5 миллионнан астам оқушы тәлім-тәрбие алады. Айта кету керек, 2015 жылдан бастап Қазақстан 12 жылдық білім беру жүйесіне өтеді. Сондықтан дайындық жұмыстары дәл осы кезден бастау алып отыр. Жаңа оқу жылында мектеп бағдарламасына да бірқатар өзгерістер енгізіледі. Мәселен, 1-сыныптан бастап балалар ағылшын тілін оқыса, 5-сынып оқушылары информатика пәнін оқиды. Бұл - 12 жылдық білім беру жүйесіне өтудің алғашқы баспалдағы. «Бұған қоса, елордадағы мектептерде «Абайтану» пәні міндетті пән ретінде оқытылады. Биылдан бастап, 9,10,11 сыныпта оқитын астаналық оқушылар Абайдың шығармашылығымен етене танысады. Дегенмен «Абайтану» тек Астана қаласындағы мектептерге ғана емес, еліміздегі барлық орта білім беру мекемелеріне міндетті пән ретінде енгізілсе жөн болар еді», - деп жазады газет.