«Қырғыздар да салық төлесін!» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 30 маусым. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 30 маусым, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Елорда тойы жақын қалды. Айбынымызды асырып, абыройымызды тасытқан Астана - жиырма  жылдағы жасампаз жұмысымыз­дың жарқын жеңісі.  Елорда мен Елбасы егіз ұғым екендігі баршаға белгілі. Елбасы қамқорлы­ғына бөленген елорданың ертеңі еңселі екендігі айдан анық. Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев күн сайын көркейе түсіп келе жатқан елордада салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарында болды. Сондай-ақ Отанымыздың бас қаласының «жасыл белдеуін» құрайтын орман алқабын барып көрді. Мемлекет басшысы Астана күні қарсаңында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, осы үдерістерді әрі қарай жалғастыра берудің маңызы зор екенін атап көрсетті. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санындағы «Астана ажарын айшықтаған» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған.

Қазақстан дипломаттары үшін биылғы кәсіби мерекенің өзіндік ерекшелігі бар. Ол тәуелсіз мемлекетіміздің Сыртқы істер министрлігінің құрылғанына 20 жыл толуына тұспа-тұс келеді. 1992 жылғы 2 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылған Сыртқы істер министрлігі осынау тарихи қысқа мерзімнің ішінде Қазақстанның сындарлы сыртқы саясатын тиімді жүзеге асырып, халықаралық ынтымақтастықты жан-жақты дамытып, әлем мемлекеттерімен арадағы өзара қарым-қатынастың берік те сенімді жүйесін құрды.  Осы атаулы мерекеге орай «Егемен Қазақстан» газетінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбаймен арадағы сұхбат «Ең басты жеңісіміз - мемлекеттік тіл» деген тақырыппен берілген.

***

«Сенат депутаты Икрам Адырбеков Қазақстанда жұмыс істеп жүрген Қырғызстан азаматтарына салық салуды енгізу туралы орынды ұсыныс айтты», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Қырғыздар да салық төлесін!» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, бұдан былай қырғыздардың Қазақстан аумағында үш айға дейін тұрып, жұмыс істеуге құқы бар. Керісінше, қазақтар Қырғызстанға осындай мерзімге кедергісіз кіре алады. Жақын арада Қазақстан мен Қырғызстан үкіметі арасында екі ел азаматтарына көрші мемлекеттің аумағына 90 күнге дейін визасыз кіру туралы келісім жасалмақ. Бұл ұсыныстың механизмдері дұрыс жасал­са мемлекет бюджетіне қомақты қаржы түсетін болады. Ішкі істер министрлігінің мәліметтері бойын­ша, былтыр Қазақстанға 94 мың қырғыз аза­­маты келген, ал бізден Қырғызстанға бар­ғандар 3 мың ғана екен.

***

«2017 жылы «ЭКСПО» көрмесін өткізуге ниетті Қазақстан - әлемдік қоғамдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынғаны белгілі. Таңдап алған тақырыптың маңызын тағы бір талқылап, оны әлемге таныта түсу үшін Астанада «Болашақ энергиясы. Ғаламшардың тұрақты дамуы» атты халықаралық симпозиум өтті. Симпозиумға 160 елдің 150-ге жуық делегаттары қатысты», - деп жазады «Астана ақшамы» газеті «Болашақ энергиясы» - тың бастама» деген тақырыптағы мақаласында.  «Әлем бойынша энергетика саласындағы кешенді мәселені шешу - энергетикалық балансты баламалы қуат көздерімен толықтыруға тікелей байланысты», дейді ғалымдар. Әсіресе, еліміздің географиялық жағдайы жел, күн және су энергиясын мо­лынан пайдалануға мүмкіндік береді. Қазақстан сағатына 1 трлн кв энергия өндіруге мүмкіндігі бар. Алайда, қазір іске қосылған төрт станция небәрі 10 мегаватт қана энергия өндіреді. Бұл ретте әлемдік қауымдастыққа «ЭКСПО»-ны өткізу үшін «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынған Қазақстан тек елде ғана емес әлемдегі ең өзекті, тіптен өмірлік маңызы бар мәселені көтеріп отыр. Симпозиум бары­сында сондай-ақ климаттың өзгеруі, болашақтағы энергия мен экология қауіпсіздігі және баламалы энергия көздерін жетілдіру мен тұрақты дамыту жобаларын қаржыландыру мәселелері талқыға түсті.

***

«Экспресс К» газетінің жазуынша, лауазым сату Қазақстанда ең табысты бизнес түріне айналып отыр. Бұл ретте сөз тек қана зор шенеуніктің жұмсақ креслосы жайында болып отырған жоқ. Ел азаматтары тіпті күзетші не болмаса балабақшаның тәрбиешісі болып орналасу үшін де  пара беруден кет әрі емес. Мәселен, 2010-2012 жылдары жұмысқа орналасу үшін пара беру 21 қылмыстық істің қозғалуына түрткі болған. Ал қаржы полициясының құрығына ілінбеген мәмлілердің саны қанша екендігі бір Аллаға ғана аян. Мақала «Такие кресла Остапу Бендеру  и не снились» деген тақырыппен берілген.