Қырғызстан 29 тамызда Мәскеудегі өртте қаза болған азаматтары үшін аза тұту күнін жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев дүйсенбі күні, 29 тамызды Мәскеудегі баспаханадағы өрт кезінде республиканың 14 азаматы қаза болуына байланысты аза тұту күнін жариялады, деп хабарлады РИА Новости.

Өрт сенбі күні таңертең Мәскеудің солтүстігінде Алтуфьев тасжолы, 5-үйде болды. Шұғыл қызметтердегі дереккөздің мәліметтері бойынша, өртке оранған ғимарат «Печатный экспресс» баспаханасынікі болып шықты. Барлығы 17 адам қаза болды, олардың 14-і - Қырғызстан азаматтары.

«Президент дүйсенбі күні, 29 тамызда қаза болғандар үшін аза тұту күнін жариялауға пәрмен берді», деп хабарлайды қырғыз билігі.

ҚР Президентінің жарлығына сәйкес елде мемлекеттік тулар төмен түсіріліп, ойын-сауық шаралары тоқтатылады.

А.Атамбаев үкіметке өрт кезінде қазаға ұшыраған және зардап шеккен адамдардың отбасыларына барынша көмек көрсету жөнінде нұсқау берді.