Қырғызстан: A/H1N1 тұмауымен байланысты жағдай жіті бақылауда

БІШКЕК.  Қарашаның  6-сы.  ҚазАқпарат /Евгений Новиков/ - Қарашаның    6-сындағы жағдай  бойынша Қырғызстанда   A/H1N1   тұмауының 17 оқиғасы  тіркелді.    Республикадағы  эпидемиологиялық жағдай, сондай-ақ     вируспен күресу  шаралары   туралы ҚазАқпарат тілшісіне   Қырғыз Республикасы  Мемлекеттік   санитарлық-қадағалау  департаментінің     бас маманы Динагүл Оторбаева   әңгімелеп берді.

- Динагүл Сатарқызы, Қырғызстандағы   «доңыз  тұмауымен» байланысты   ақуал  қалай?

- Бүгінгі күнгі  жағдай  бойынша  бізде 17 науқас тіркеліп  отыр.  16   жағдайда вирус  сырт елдерден  әкелінген.    Атап айтқанда,   қарашаның  2-сінде Мәскеу-Бішкек  пойызымен  келгендердің    ішінде     бүгінде 12    науқас  анықталып  отыр.    Бізге Қойынды  стансысынан      қоңырау  шалынып,       тұмау  және   тыныс жолының жіті вирусы    белгілерімен   науқастардың бар  екені   хабарланды.      Оқиға орнына  барып  келген инфекционистер  мен вирусологтар диагнозды растады.

11 науқастың  10-ы       республикалық клиникалық   ауруханаға    жатқызылды.  Екі баласы  бар бір    әйел    ауруханаға  жатудан  бас тартты  және   ол    тұратын жері  бойынша емхананың    бақылауына  тапсырылды.   Бірақ кейіннен      әйелдің  балаларынан да   вирус   белгілері анықталды.  

Қарашаның  4-інде  Новокузнецк-Бішкек   пойызы келіп,  онда да        зертханалық жолмен расталған  екі   оқиға анықталды.    Тағы бір науқас бойжеткен,    Қырғызстан азаматшасы     ел  аумағында анықталды.

- Қалыптасқан эпидемиологиялық  ахуалға  байланысты  қандай  шаралар қабылданып жатыр?

- Қазіргі  уақытта    індеттің     таралуына  жол бермеу  мақсатында Бішкекте  және   жалпы  республика бойынша    науқастарды  анықтау  жөніндегі    шаралар күшейтілуде.   Әсіресе,    республикаға  сырттан  келушілерге     назар  аударылуда.    Қазақстан-қырғыз шекарасында,  «Ақ Жол»   тексеру-бақылау бекетінде      тұмаудың  белгілерін  анықтауға мүмкіндік беретін      тепловизор орнатылған.   Осындай аппаратура «Манас»  және  Ош  әуежайларында бар.   Біз   тепловизорлар жеткізіліміне  қосымша тапсырыстар  бердік  және   қажет болған  жағдайда,  оларды     шекарадағы      бекеттерге орнатуды  жоспарлап отырмыз.    

 Д.Оторбаеваның айтуынша, бір   сөзбен  айтқанда,    жағдай    жіті бақылауда.      Барлық   науқастар  ем қабылдап жатыр.  Ауыр оқиғалар    жоқ.