Қырғызстан аумағына қосымша ресейлік әскери контингент орналастырылады

АСТАНА.   Тамыздың 1-і. ҚазАқпарат   -   Ресей Президенті  Дмитрий Медведев  пен   Қырғызстан  басшысы Құрманбек Бакиев     Ұжымдық  қауіпсіздік  туралы шарт ұйымының   бейресми  саммиті аясында  бүгін   екіжақты  келіссөз өткізді.

 Қырғызстан  Президентінің баспасөз қызметінен   хабарлағанындай, кездесу аяқталғаннан кейін   мемлекет басшылары ресейлік әскери   құрылымдардың   Қырғызстан аумағында    болуын және     қосымша ресейлік әскери контингентті   республика аумағына  орналастыруды  реттейтін   екіжақты    келісімшарттық-құқықтық  базаны  әрі  қарай дамыту  және жетілдіру  жөніндегі Қырғыз  Республикасы мен  Ресей  Федерациясының  ниеттері  туралы меморандумға қол қойды.

 Меморандумға сәйкес, Қырғызстан    республика аумағында қосымша ресейлік   әскери контингентті    орналастыру  туралы   Ресейдің  ұсынысын  мақұлдады. Ол  контингенттің  құрамына    батальонға  жуық    әскери   құрылым және   қырғыз  бен  ресей әскерилерін дайындайтын  оқу орталығы   кіретін болады.

 Тараптар   Бірлескен  ресейлік әскери базасының Қырғызстан аумағындағы мәртебесі мен    орналасу    шарттары  туралы  келісімге 2009 жылғы  қарашаның  1-іне  дейін      қол қоюдың   мақсаттылығын  атап  көрсетті.  Ол құжатта    барлық ресейлік  нысандар,   оның ішінде Қант қаласындағы  ресейлік   авиациялық  база да   анықталады.     Келісімнің      мерзімі   25 жылға  автоматты   түрде    ұзарту мүмкіндігімен   49 жылды  құрайды.