Қырғызстан азаматтардың келуі туралы Қазақстанмен жасалған келісімдегі өзгерістерді бекітті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстан азаматтардың келу реті туралы Қазақстанмен жасаған Келісімге енгізілген қосымша туралы хаттаманы бекітті, деп хабарлайды KABAR.

Қырғызстан Республикасы Президенті аппаратының ақпараттық саясат бөлімі хабарлағандай, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев «2016 жылдың 17 қазан күні Астана қаласында қол қойылған 2012 жылдың 11 мамырындағы Қазақстан азаматтарының Қырғызстан аумағында және Қырғызстан азаматтарының Қазақстан аумағында болу тәртібі туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғызстан Республикасының Үкіметінің арасындағы Келісімге қосымшалар мен өзгерістер енгізу туралы Хаттаманы бекіту туралы» Қырғызстан Республикасының заңына қол қойды.

Заң 2017 жылдың 16 наурызында Жогорку Кенешпен (Қырғызстан Парламенті) қабылданды.

Хаттаманың мақсаты - Қырғызстан азаматтарының Қазақстан аумағында және Қазақстан азаматтарының Қырғызстан аумағында болған уақытта құқықтық қатынасты реттеу болып табылады.

Хаттамаға сәйкес, Қазақстан аумағына уақытша келген Қырғызстан азаматтары құзіретті органдарда (тұрғылықты жері бойынша тіркеуге тұру) 30 күн бойы тіркеуден босатылады.

Заң ресми жарияланғаннан кейін жеті күн өткен соң күшіне енеді.