Қырғызстан біржыныстылықты насихаттайтын «көгілдірлерге» қарсы белсенді күресті бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстанның өткен аптадағы айтулы қоғамдық-саяси оқиғаларының бірі біржыныстыларға толерантты қарауды таңып отырған батыстың демократиялық институттарына қарсылық танытқан қоғам белсенділерінің әрекеті болды.

Жақында Бішкектегі түнгі клубтардың бірінде жергілікті жастар ер адамдардан құралған украиналық «The Kazaky» би тобына өз «өнерін» көрсетуге жол бермеді. 100-ге жақын жастар дәстүрлі отбасы құндылықтарын сақтауға үндеп, бір жыныстылардың әрекетіне ашық қарсылық танытты. Қарсылық акцияға байланысты еркек бишілердің кешін ұйымдастырушылар оны тоқтатуға мәжбүр болды.

Айта кету керек, бірнеше күні бұрын Қырғыз Республикасының Жоғары Кенеш депутаттары АҚШ елшілігінің қарсылығына қарамастан «гей-насихатқа» қарсы заң жобасын бірінші оқылымда қабылдаған болатын.