Қырғызстан еліне арналған "Әлем рейсі" гуманитарлық көмегі Қазақстан елінің аумағы бойынша өтеді

АЛМАТЫ. Шілденің 17-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Шілде айының 18-і мен 20-сы аралығында еліміздің аумағы бойынша Қырғызстан еліне арналған гуманитарлық көмек - "Әлем рейсі" акциясы өтетін болады.

Екатеринбор қаласынан басталатын акция - Қостанай - Астана - Қарағанды - Бішкек - Ош бағыты бойынша өтеді. Шараның ұйымдастырушылары - Халықаралық көші-қон ұйымы, "Орал үйі" қоғамдық бірлестігі, Екатеринбор ұлтаралық ақпарат орталығы, Екатеринбор қаласындағы өзбек және қырғыз қауымы. Акцияға қолдау білдіруші Германияның ірі қоғамдық ұйымдарының бірі - «Арбайтервольфарт».

Шара барысында Свердлов облысы және Ресей Федерациясының Екатеринбор қаласының тұрғындары қырғыз еліндегі Ош қаласында болған қайғылы оқиғадан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жіберетін болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның саяси астары жоқ және бұл шара жақсылыққа, бейбітшілікке, достыққа шақырады.

Қырғызстан елінің оңтүстігінде болған оқиғаға көмек көрсетуге арналған "Жүректен жүрекке, қолдан қолға" атты акция Екатеринбор қаласында осыдан бір ай бұрын бірнеше қоғамдық ұйымдардың бастамасымен қолға алынған. Свердлов облысының тұрғындары, қарапайым оралдықтар, ұлттық қауымдар, қаланың қоғамдық ұйымдары қырғыз елінің тұрғындарына көмек көрсетуге шешім қабылдап, киім-кешек, бірінші қажеттіліктер, азық-түлік, ойыншықтар және тағы да басқа заттар жинаған. Қазірдің өзінде ол жерлерде акция жалғасуда. Бүгінгі күні көмектің 40 тоннасы жиналған.

"Қырғыз елінде орын алған қайғылы оқиға бізді қатты толғантты. Біз бұл жағдайға бей-жай қарай алмадық. Қолымыздан келер бар көмегімізді беруге даярмыз. Бұл біздің азаматтық борышымыз. Болған жағдайдың қайталанбауын тілейміз", делінген ұйымдастырушылардың хабарламасында.