БІШКЕК. ҚазАқпарат – Қырғызстан тұрғындарының саны 7 млн адамға жақындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.
Елдің ұлттық статистикалық комитеті таратқан мәліметке сәйкес, 1 тамыздағы жағдай бойынша республика халқының саны 6 млн 977 мың адам болды.
Тұрақты тұрғындардың нақты саны 2009 жылмен салыстырғанда 1,6 млн адамға артып отыр. Жылына орта есеппен 2,1% өсім байқалады.
Ведомстводан хабарлағандай, халық санағы мен тұрғын үй қорының көлемін анықтау көктемде екі кезеңмен жүргізілген. Жаз кезінде статистика комитеті алынған мәліметтерді өңдеудің бірінші кезеңін атқарған. Қазір мәліметтер бойынша жіберілуі мүмкін логикалық қателер тексеріліп, ағымдағы демографиялық есеп деректерімен (жынысы, жасы, аумақтық бөлініс және т.б.) салыстыру жүргізіліп жатыр. Бұл кезең жыл соңында аяқталады.
Гүлнұр Ғазизқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі. Еңбек жолын «Қазақ әдебиеті», «Сақшы» газеттерінен бастаған. «Дала мен Қала» республикалық қоғамдық-саяси апталығында тілші, жауапты хатшы болып істеді. «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының тілшісі, «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі, Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары – бас редакторы болды.
Ақпарат саласының үздігі.
«ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылғы 1 сәуірден бастап істейді. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі басқарушы директорының орынбасары – қазақ редакциясының бас редакторы.