Қырғызстан Қазақстаннан 300 млн. текше метр табиғи газ сатып алады

АСТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат - Қырғызстан Қазақстаннан 300 млн. текше метр табиғи газ сатып алады. Бұл жөнінде «Қырғызгаз» ААҚ бас директоры Тұрғынбек Құлмұрзаев мәлімдеді. «Қырғызстан Қазақстаннан 300 млн. текше метр табиғи газ сатып алады», - деген Құлмұрзаевтың сөзін мысалға келтірді «24.kg» АА.

Оның айтуынша, 2011 жылдың басында Қырғызстан Өзбекстанмен табиғи газ тасымалы жөнінде келісімге келген. «Қаңтарда оның бағасы мың текше метріне 223 доллар көлемінде белгіленген болатын. Кейін өзбек тарапы бағаны 243 долларға дейін көтерді, нәтижесінде баға 278 долларға дейін шарықтап кетті. Біз тұтынушылар үшін тарифті бұрынғы деңгейден асырмай ұстап келдік, енді, міне, Қазақстаннан арзан отын сатып алу мүмкіндігі туып отыр», - деп түсіндірді Тұрғынбек Құлмұрзаев.