Қырғызстан Латвиядан Қ.Бакиевтің ұлын ұстап беруді сұрап отыр
Латвия бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтері бойынша, 32 жастағы М.Бакиев қазір сол елде көрінеді, деп хабарлайды Reuters агенттігі.
Латвия Бас прокуратурасының өкілі Андрейс Васкс, оның ведомствосы қырғыз өкіметінен өз сауалын нақтылауды өтінгенін, себебі құжаттың қазіргі мазмұны «қарама-қайшы және түсініксіз екенін» атап көрсетті. А.Васкс сондай-ақ, М.Бакиевтің Латвияда жүргендігі туралы ресми мәліметтің жоқ екенін айтты.
Мамырдың 4-інде Қырғызстан өкіметі М.Бакиевтің үстінен қылмыстық іс қозғап, халықаралық іздеу жариялаған болатын. Жаңа өкімет экс-президенттің ұлынан басқа, оның бауырлары Жаныбек, Ахматбек және Қаныбекке іздеу салып отыр. Оларға қоса, Бакиевтің төңірегіндегі бұрынғы шенеуніктер, атап айтқанда Данияр Үсенов (экс-премьер-министр), Игорь Чудинов (экс-премьер-министр), Сапарбек Балқыбеков (бұрынғы өнеркәсіп министрі), Құрманбек Темірбаев ( Президент істері басқармасының бұрынғы басшысы), Әкімжан Муйбиллаев (қаржы полициясы қызметінің бұрынғы басшысы), Алексей Елисеев (Даму қорының бұрынғы басшысы), сондай-ақ «сұр кардинал» саналатын Алексей Ширшов пен ІІМ жоғары лауазымды қызметкері Нұрлан Темірбаев та іздеуде жүр.