деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Аймақтағы тұрақсыз орталық қазір Қырғызстан мен Ауғанстан болып отыр. Ауғанстандағы үрдіс біршама ұзаққа созылатын түрі бар. Себебі экономикасы мен халықтың менталитеті батыс құндылықтарын бірден енгізуге ұзақ уақытты қажет етуде. Ал Қырғызстандағы жағдайды сарапшылар екінші Ауғанстан болып кетуі мүмкін деп отыр. Онда қалыптасқан жағдай бұл ең алдымен көршілес Қазақстан, Ресей мен Өзбекстанның осы елге байланысты ұстанымы бойынша шешіледі. Себебі қазір қарап отырсақ, Бәкиевтің жақтастары да, Уақытша үкімет те бір кезеңді бастан кешіріп жатыр. Тараптар келіспейтін болса, лаңкестік шаралар көбейіп кетуі мүмкін», дейді саясаттанушы Шәріпбек Әмірбеков. Ғалымның айтуынша, тараптар өзара түсіністікке келе алмаса, жасырын партизандық әдіске көшуі мүмкін. Көрші елде осындай жағдайдың болуы Қазақстан үшін де біршама қауіпті. Оның бір ұшы қару-жарақта. Мемлекеттік билік әлсіз болған жерде аймақтардың күшеюі басталады.
«Қырғызстанда есірткі өсіруге жағдай бар. Онда кеңестік кезеңде өсіріп келген. Бұл жағдай енді күшейіп кетуі мүмкін. Жұмыссыз халық оны қаржы табудың бір көзіне айналдыруы мүмкін. Сондай-ақ қару-жарақ саудасының күшею қаупі бар. Ол көрші елдерге де әсер етеді. Қару-жараққа қол жеткізу оңай болған сайын қай елде болмасын ол біршама тұрақсыздық алып келеді. Қазір бұл елге ықпал етудің ең тиімді жолы экономикалық саясат болып отыр. Бүгінгі таңда күн тәртібінде мынадай мәселе тұр. Кімге көмек береміз дегенді халықаралық ұйымдар да, көрші елдер де шеше алмай отыр. Ол шешілсе, барлық мәселенің түйіні де біртіндеп шешіле бастайды», дейді Шәріпбек Әмірбеков.