Қырғызстан мен Қытай шекарасындағы қарулы қақтығыста 2 адам мерт болды

БІШКЕК. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Қырғызстанның Ыстықкөл облысында бір топ белгісіз адамдар қорықшыны өлтіріп, шекарашыларға қарулы қарсылық көрсетті.

Қырғызстанның Мемлекеттік шекара қызметінің қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімі мен БАҚ хабарлағандай, Ыстықкөл шекара бөлімінің аумағында Қырғызстан Республикасының Мемлекеттік шекара қызметінің бөлімі мен белгісіз біреулер арасында қарулы қақтығыс орын алды. Осыған дейін шекарашыларға ел аумағында шамамен 10 адамнан тұратын қаруланған топ жүргені туралы хабар түскен. Артынан олар аң шаруашылығы қызметкерін өлтіріп, оның қаруын тартып алғаны белгілі болды. Оқиға орнына келген шекарашыларды белгісіз біреулер атып кетті. Шабуылға жауап берген әскерилер 2 құқықбұзушыны өлтірді. Кейін қылмыскерлер «Пикертык» жылыту пунктіне қамалды. Қырғызстанның Мемлекеттік шекара қызметінің әскерилері олармен келіссөз жүргізуде. Осыған байланысты қырғыз Үкіметі Бішкекте шұғыл кеңес өткізді. Әскери құрылымдардың жетекшілеріне заң бұзушыларды зиянсыздандыру бұйрығы берді. Оқиға орнына Шу шекара отрядының әскерилері, облыс басшылары, сондай-ақ Қырғызстанның ІІМ мен МҰҚК өкілдері ұшты. Қазіргі уақытта қылмыскерлермен келіссөздер жүргізілуде.