Қырғызстан өкілі Мұратбек Иманәлиев - ШЫҰ-ның жаңа Бас хатшысы
«Ротация бойынша Ұйымның жаңа басшысының кандидатурасын ұсыну Қырғызстан тарабының кезегі болады, олар өз өкілін ұсынды. Жаңа Бас хатшы бұрын Қырғызстанның сыртқы істер министрі болған азамат», деп хабарлады Б.Нұрғалиев.
ШЫҰ Бас хатшысын ШЫҰ елдері Мемлекет басшыларының кеңесі үш жыл мерзімге тағайындайды.
Мұратбек Иманәлиев 1991-1992 жылдары, 1997-2002 жылдары Қырғыз Республикасының сыртқы істер министрі болған, 1993-1996 жылдары Қырғызстанның Қытайдағы елшісі қызметін атқарған, 1996-1997 жылдары - Қырғыз Республикасы Президент Әкімшілігінің халықаралық бөлімінің меңгерушісі, 2004 жылы «Жаңа бағыт» қозғалысының тең құрылтайшысы болып қызмет еткен. 2005 жылы Қоғамдық саясат институтының президенті болып сайланған. Ал 2009 жылдың қаңтар-қазан айларының аралығында Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі болып қызмет етті.