Қазір елде жалақыны көтеруді талап етіп жатқан орта мектеп мұғалімдерінің ереуілдері өтуде. Жұмыс кеңесіне Үкімет мүшелері, облыстық әкімшіліктердің басшылары, Бішкек және Ош қаласының басшылары, білім жүйесінің өкілдері қатысты.
Бюджет қызметкерлерінің жалақыларын реформалау мәселесі бойынша негізгі баяндама жасаған Еңбек министрі Айгүл Рысқұлова, жалақыны есептеудің бүгінгі қолданыстағы схемасы замана талаптарына жауап бермейтінін баса айтып өтті.
Жалақыны бір сәтте бірнеше есеге көтеруді талап етіп отырған мұғалімдердің өтініштерін талқылау барысында Қырғыз Республикасының Қаржы министрі Чоробек Имашев, қазіргі уақытта республикалық бюджетте бұл мақсатқа қарастырылған қаражаттың жоқ екенін айтты. «Бірақ біздің ведомство келесі жылы мұғалімдердің жалақыларын көтеру үшін 1,3 миллиард сом көлемінде қосымша қаржы іздестіруде. Олардың жалақыларына ай сайын шамамен 1200 сомдай қосылатын болады», - дейді Қаржы министрі.
Президент Роза Отынбаева сондай-ақ, өз талаптары мен өздерін толғандырып отырған проблемалары туралы өз ауыздарымен айтуға келген Ыстықкөл, Ош және Жалалабад облыстарының мұғалімдерінің бұйымтайларын тыңдады.
Мұғалімдердің, медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің, өнер қайраткерлерінің жалақыларының тым төмен екенін жақсы білетінін айтқан Президент: «Бірақ, қазіргі таңда мемлекеттің бюджет адамдарының жалақысын бір сәтте бірнеше есеге арттыруға шамасы жетпейтінін мойындауымыз керек. Соған қарамастан, біз барша қырғызстандықтарды, олар қай салада еңбек етпесін, лайықты тұрмыспен қамтамасыз ету үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз», - деді.