Қырғызстан Парламенті спикерлікке ұсынылған Ө.Текебаевтың кандидатурасын қабылдаған жоқ

БІШКЕК. 3 желтоқсан. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Қырғызстан Жогорку Кенеш депутаттарының 2 желтоқсан күні өткізген екінші мәжілістері түннің бір уағына дейін жалғасты.

Социал-демократиялық партиядан, «Республика» және «Атамекен» партияларынан жасақталған коалиция парламент спикерлігіне «Атамекен» партиясының жетекшісі Өмірбек Текебаевтың кандидатурасын ұсынды.

Барлық 120 депутаттың тек 58 ғана оның кандидатурасын қолдап дауыс берсе, 59 адам қарсы болды. Ал спикерлікке сайлану үшін кандидатқа 61 дауыс керек еді. Осыған байланысты, үшжақты коалиция басқа варианттарды талқылау үшін өз ішінде кеңес өткізеді. Жогорку Кенештің уақытша спикері Ташполот Балтабаевтың айтуынша, спикерлікке басқа кандидатура ұсынылуы керек.

Жаңа шақырылған Жогорку Кенештің отырысы бүгін, 3 желтоқсан күні жалғасады.