Қырғызстан үкіметі оң жақ рульді көліктерді әкелуге тыйым салуды қарастыруда

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстан Үкіметі алдағы аптада оң жақ рульді көліктерді елге әкелуге тыйым салу туралы ІІМ бастамасын қарайды.

Елдің министрлер кабинетінде болған отырыста «Қырғызстан Республикасындағы жол қозғалысы туралы» заңға енгізілетін түзетулер талқыланды. Олардың ішінде оң жақ рульді көліктерді сырттан әкелуге тыйым салу қарастырылған.

Премьер-Министр Жоомарт Оторбаев бұл мәселе бойынша үкімет мүшелерінің пікірі қоғамдық тыңдаулардан кейін сауалнама әдісімен жиналатын болады деп хабарлады. Ж. Оторбаев әділет министрлігіне ІІМ бастамасына өз қорытындысын беруді тапсырды.

Қырғызстанға айына 20 мыңға дейін автомобиль әкелінеді, оның тең жартысы Жапонияда шыққан оң жақ рульді көліктер.

Еске сала кетсек, 2013 жылғы көктемде Қырғызстанның Жогорку Кенеші оң жақ рульді автокөліктерді коммерциялық мақсатта, жүктер мен жолаушылар тасымалдау үшін пайдалануға тыйым салатын заң қабылдаған болатын. Соған қарамастан, көптеген жекеменшік жеңіл көліктер мен автобустар такси ретінде жолаушылар тасымалымен әлі де айналысуын жалғастырып келеді.