Қырғызстанда 83 жастағы ақсақал кемпірін пышақтап өлтірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстанның Ош облысында 83 жастағы қария кемпірін пышақтап өлтірді, деп хабарлайды 24.kg .

Ош қаласының Ішкі істер басқармасы қызметкерлері қанды оқиға орнына бірінші жеткен.

«Жапалақ ауылына жедел тергеу тобы жіберілді. Полиция қызметкерлері жол бойында қанға боялған белгісіз әйелді көрген. Ол 1938 жылғы Арзиқан Мұрзаева болып шықты. Мәйітті тексеру кезінде әйелдің мойынынан пышақталғаны анықталды. Ізін суытпай аталған қылмысқа күдікті 83 жастағы Ташполот Мұрзаев ұсталды», - дейді ІІБ қызметкерлері.

Өз түсініктемесінде қария мас күйінде ашуға бой алдырып, өзін ұстай алмай қалғандығын айтқан.

«Сол күні мен аздап ішімдік іштім. Асқа отырған кезде бәйбішеммен керісіп қалдық. Мен дер кезінде ашуымды баса алмай, пышақпен құлақ тұсынан ұрдым. Осыдан кейін ол айқайлап көшеге жүгіріп кетті», - дейді Т.Мұрзаев.

Әйел көшеге көмек сұрап жүгірген, алайда көп қан жоғалтқан ол үйдің алдына құлап, қаза тапқан. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті тергеу изоляторына қамалды.