Қырғызстанда әйелдерге арналған бөлек мешіт салынады

АСТАНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат - Көп ұзамай Қырғызстанның Ош қаласының орталық мешіті жанынан әйелдерге арналған бөлек құлшылық үйі тұрғызылады.

Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының жергілікті бөлімшесінің KGinform атты ақпарат порталы хабарлағандай, жүз адамға шақталған ғибадат үйінің құрылысы басталып та кеткен көрінеді. Осы мақсатта 2 миллиондай сом бөлінген. Бұл туралы muslim.kz сайты жазады.

«Әйелдерге мешіт тұрғызу бастамасы осыдан бір жыл бұрын көтерілген болатын. Осылайша, жергілікті діндарлар мұсылман әйелдердің діни сауатын арттырып, теріс ағымдардың ықпалынан сақтандыруды көздейді. Белгілі болғандай, өзге ағым өкілдері отбасы, ошақ қасындағы әйелдер үшін түрлі үйірмелер ұйымдастырып, басқа да айла-шарғылар арқылы олардың басын айналдырып, өз жағына тартады», деп жазады muslim.kz.

Айтпақшы, жоба кейбір билік басындағы лауазымды тұлғалардың көңілінен шыққан екен.