2013 жылдың желтоқсан айында жергілікті тұрғын Айбек Мәмбеталиевті 3 милиционер құжатын тексермек болып тоқтатып, ұрып-соғып кеткен. Алған жарақаттарынан А. Мәмбеталиев оқиға орнында жан тапсырды.
Аталған қылмысқа қатысты сот отырысына марқұмның барлық туған-туыстары мен көршілері, бас-аяғы 70-80 адам жиналды. Олар соттың үкімін күтпестен, өз шешімдерін шығарып, темір тордың ар жағында отырған айыпталушы 3 милиционерге бензин толтырылған бөтелке лақтырып, өртеп жіберді. Абырой болғанда, АІІБ қызметкерлері өртті дер кезінде сөндіріп үлгерді. Дегенмен бір айыпталушыны күйік шалды. Екіншісін марқұмның туыстары қарауылдың қолынан жұлып алып, өлімші қылып ұрып, жергілікті ауруханаға лақтырып кеткен. Ал үшінші айыпталушының қазір қайда екені белгісіз. «Қазіргі уақытта оқиға орнында тергеушілер жұмыс жасауда. Бүлікті бастағандар анықталып, үшінші айыпталушы іздестірілуде», - деп хабарлады Қырғыз Республикасының ІІМ баспасөз қызметінде.