Қырғызстанда босанып қалған қазақстандық елге жеткізілді - СІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстанда мерзімінен бұрын босанған әйел сәбиімен бірге Қазақстанға жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«5 шілдеде Ыстықкөлде демалып жүрген қазақстандықтың мерзімінен бұрын толғағы басталған. Алайда, Шолпан Ата қаласындағы перзентханада шала туған нәрестелерге жағдай жасалмаған. Соған байланысты жүкті әйелге неонатологиялық көмек көрсетуден бас тартқан», - деп хабарлады СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров ҚазАқпарат тілшісіне.

Қырғызстандағы Қазақстан консулының белсенді араласуымен жүкті әйелді Бішкектегі Ұлттық ана мен бала орталығына жедел жеткізген. 6 шілдеде дәрігерлер оны аман-есен босандырып алған.

«Босанғаннан кейін ана мен бала жансақтау бөлімінде,  дәрігерлердің жіті бақылауында болды. Сәби шала туған балаларға арналған арнайы құрылғыға қосылды. Жеті айлық баланың салмағы 1 кг 985 грамм болған», - деді Айбек Смадияров.

Қазақстан елшілігінің консулдық бөлімі Бішкектегі Ана мен орталығы мен Жамбыл облыстық перинатальдық орталығы арасында тікелей байланыс орнатты. Соның нәтижесінде баланы Тараз қаласына жеткізу туралы шешім қабылданды.

«Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы баланы жеткізу үшін медициналық арнайы көлік берді. ҚР Елшілігі оны «Қордай-Ақжол» бақылау-өткізу бекеті арқылы мемлекеттік шекарадан өткізуге барлық жағдай жасады», - деп түсіндірді Айбек Смадияров.