Жиналған қауымның алдында сөз сөйлеген мемлекет басшысы оларды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Энергетика саласы бүкіл қырғыз экономикасының қан тамыры, елді әлемдік экономикаға ықпалдастырудың әлеуеті болып табылатынын атап көрсеткен Қырғызстан басшысы, коалициялық үкіметтің кезінде Уақытша үкімет бастап, кейіннен келесі (техникалық) үкімет жалғастырған осы саладағы реформаларды жалғастыратынына сенім білдірді.
Р.Отынбаева сондай-ақ, елдің төрт ірі энергия компаниясының жұмысына толық аудит жүргізілетінін де мәлім етті. «Бұл бұрын-соңды жасалмаған қадам, себебі бұрын әрқашан коммерциялық құпияны сақтау қажеттілігі алға тартылып келген болатын, бірақ ол аудит компаниялардың жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз ету үшін аса қажет. Оған қоса, «Отын-энергетика саласында ашықтықтықты қамтамасыз ету жөніндегі бастамалар туралы» Жарлыққа қол қойылып, соған сәйкес Энергетика министрлігінің жанынан Қадағалау кеңесі құрылып отыр. Жаңа Кеңес бюджет қаражатының жұмсалуын, тендерлердің өткізілу үдерісін қадағалайтын болады», деп атап көрсетті мемлекет басшысы өз сөзінде.
Р.Отынбаева ханым сонымен бірге, жаңа үкіметтің алдында тұрған басымдықты перспективалық міндеттің бірі - Нарын өзенінде жаңа ГЭС-тер салу екенін айтты. Оған қоса, елдің көмір өндірудегі әлеуетін барынша пайдалану, балама энергетика көзін дамыту қажеттілігі де айтылды.