Қырғызстанда халық саны 7 млн адамға жетті

БІШКЕК. ҚазАқпарат - 19 қазанда Баткен облысының Қызыл-Кие қаласында Қырғызстанның жеті миллионыншы тұрғыны дүниеге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қырғызстан Республикасы Ұлттық статистикалық комитетіне сілтеме жасап.

Статистикалық мәліметтер бойынша, Қырғызстанда халық саны өсуде. Соңғы жылдары елде болып жатқан демографиялық процестер халық санының жоғары өсу қарқынымен сипатталады. Сыртқы көші-қон сальдосы теріс күйінде қалып отыр, бірақ оның мәні соңғы жылдары айтарлықтай төмендеген.

Республикада тұрақты халық саны 2022 жылғы 1 тамызда 6 млн 977 мың адамды, ал 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 6 млн 995 мың адамды құраған. Елдің алты миллионыншы тұрғыны Қожошева Айлин 2015 жылы 25 қарашада Ош қаласында дүниеге келген, бес миллионыншы тұрғын – Құрамаев Тыныштықбек 2002 жылы 27 тамызда Бішкек қаласында, төрт миллионыншы – Қайыпова Қаныкей 1985 жылы 27 мамырда Ош облысы Қара-Суу ауданында дүниеге келген.

Жеті миллионыншы қырғызстандық азамат елдің алты миллионыншы тұрғыны туғаннан кейін 7 жыл өткен соң дүниеге келген, ал алты миллионыншы мен бес миллионыншы тұрғын арасындағы айырмашылық 13 жасты, ал бес миллионыншы мен төрт миллионыншы арасындағы айырмашылық – 17 жасты құрады.

Бұған дейін, Қырғызстан тұрғындарының саны 7 млн адамға жақындағаны туралы жазған болатынбыз.


Авторы Гүлмира Әбдірахманова




Фото: kaktus.media