Қырғызстанда I-IV ғасырдағы адам сүйектері мен заттар табылды

БІШКЕК. КАБАР – ҚазАқпарат – Қырғыз Республикасының Баткен облысы Қызыл-Қошуун алқабында археологиялық қазба жұмыстары кезінде шамамен I-IV ғасырларда өмір сүрген адамдардың сүйегі табылды. Бұл туралы ҚазАқпарат Қырғызстанның Кабар агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: kabar.kg

Баткен мемлекеттік университетінің мәліметі бойынша, қазба жұмыстары жүрген аймақта зират, мола, архитектура нысандары, үй мен петроглифтері бар. Бұл жерде кейінгі зерттеулер 1954-1960 жылдары жүргізілген.

Археологиялық экспедиция басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Әбдінәби Қадыровтың айтуынша, қазу кезінде табылған ескерткіштер Қарабұлақ зираты дәуіріне жатуы мүмкін. Бұл алқаптан 150-200 археологиялық ескерткіш табылды.


Оның сөзінше, зерттеу барысында 1-4 ғасырларда өмір сүрген адамдардың жеке заттары табылған.

«Адаммен бірге көмілген сауыт, 3 пышақ, қанжар, жебенің ұшы мен белдіктер анықталды. Қарабұлақ ескерткіштері 1-4 ғасырларға жатады. Сол кездегі салт бойынша, қайтыс болған адамның жанына жеке заттары, әйелдердің жанына әшекей бұйымдар, бас жағына ыдысқа салынған ас қойылатын», - деп хабарлады ғалым.

Ол табылған заттар радиокөміртек талдауын жасау үшін Еуропа зертханасына жіберілетінін атап өтті.

«Зерттеуден кейін қорғанның қайдан шыққанын нақты білеміз», - деді Әбдінәби Қадыров.