Қырғызстанда қазақстандық жеңіл атлетика жаттықтырушысы жол апатынан мерт болды
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, жол апатынан көз жұмған жеңіл атлетика жаттықтырушысы Мұрат Жүзгенбаевтың мүрдесі Алматы облысына жеткізіледі.
«Мұрат Жүзгенбаев 3 шілдеден бастап Қырғыз Республикасының Бостери ауылында оқу-жаттығу жиынында болған. 16 шілдеде ол жеңіл атлеттерге ілесіп, велосипедпен жол жиегінде келе жатты. Өкінішке қарай, Бұлан-Сөгеті және Бостері ауылдарының арасында болған жол апаты салдарынан бапкер көз жұмды. Марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз», - деп атап өтеді ведомстводан.
Мұрат Жүзгенбаев 1964 жылы 19 ақпанда Алматы облысында дүниеге келген. КСРО спорт шебері, жоғары санатты жаттықтырушы еліміздің көптеген танымал спортшысын тәрбиелеген.
Бұған дейін Қырғызстанның Бұлан-Сөгеті және Бостері ауылдарының арасында Lexus көлігі Nissan көлігіне соқтығысып, одан кейін велосипедпен келе жатқан қазақстандық Мұрат Жүзгенбаевты қағып мерт қылғаны туралы ақпарат тараған еді.