Қырғызстанда құлаған ұшақтың «қара жәшігі» табылды

БІШКЕК. ҚазАқпарат -  Қырғызстанда құлаған ұшақтың «қара жәшігі» табылды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың Бішкектегі меншікті тілшісі.

«Апатқа ұшыраған Боинг-747-400 ұшағының «қара жәшігі» қирандылардың астынан алынды. Қазіргі уақытта борттағы өздігінен жазатын құрал әуе апатының себептерін анықтау мақсатында құрылған штабқа жеткізілді», - делінген Қырғызстан ТЖМ-нің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, 16 қаңтарда сағат таңғы 7.31-де Бішкектің Дача-Суу ауылында әуежайға жақын жерде Гонконгтен Түркияға бет алған жүк ұшағы құлады. Авиалайнер «Манас» әуежайынан май құюды жоспарлаған. Апат салдарынан 32 адам қаза тапқан. Қырғызстан вице-премьер-министрі Мухамметқалый Абулгазиевтың басшылығымен арнайы штаб құрылды. Қырғызстанда ертең аза тұту  күні болып жарияланды.