Қырғызстанда лаңкестік әрекетке дайыналып жатқандар тобы ұсталды

БІШКЕК. 29 қараша. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Ош қаласында Бішкек пен елдің оңтүстігінде лаңкестік әрекет жасауға дайындалып жатқан Қырғызстан азаматтары қолға түсті.

Бұл туралы 29 қараша күні Қырғызстанның ішкі істер министрі Зарлыбек Рысалиев мәлім етті.

Жергілікті БАҚ мәліметтеріне сүйенсек, бұл топ қырғыз, өзбек ұлттарының өкілдерінен және бір орыс ұлтты азаматтан тұратын ұлттық-сепаратистік адамдар ұйымы.

Қазіргі таңда 9 адам қолға түскен, тергеу амалдары қолға түскен үш адамның жауаптары бойынша жүргізілуде. Оларды ұстау барасында жарылғыш заттар, екі Макаров тапаншасы, бір жарақаттау тапаншасы, есірткі мен 69 000 сом ақша тәркіленген.

Ұсталған адамдарға қатысты Қырғызстан Конституциясының «Лаңкестік әрекет жасауға дайындалу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеуді ведомствоаралық топ жүргізіп жатыр.

«Олармен жеке сөйлескен кезімде лаңкестік ұйымдармен тығыз байланысын байқамадым», - деді ІІМ министрі.

Министр қазіргі таңда осы топқа тапсырыс берушілер, ұйымдастырушылар мен қаржыландыру көзі анықталып жатқанын, бірақ тергеу мүддесіне орай олардың аты жарияланбайды деген ақпаратты қоса айтты.

Алдын ала болжам бойынша, лаңкестік әрекеттер Бішкек және Ош қалаларың сауда нүктелерінде, сондай-ақ қоғамдық-саяси тұрақсыздық орнату үшін адамдар көп жиналатын орындарда жасалмақшы болған.