Қырғызстанда лаңкестік қызметке қатысы бар деген күдікпен ұсталған Қазақстан азаматының есімі белгілі - ҚР СІМ

АСТАНА. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қырғызстанда лаңкестік қызметке қатысы бар деген күдікпен ұсталған Қазақстан азаматының есімі мәлім болды.

Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Ұсталған азаматтың есімі бізге мәлім.  Алайда белгілі бір себептер бойынша, ол әлі жариялауға жатпайды. Біздің айтар жалғыз нәрсеміз, соңғы 10 жылда ол азамат Қырғыз Республикасының аумағында тұрған», деді брифингте І. Омаров.

 Оның сөзіне қарағанда, аталмыш мәселе Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің бақылауында. Қырғыз Республикасының құзырлы құрылымдары бұл мәселемен шұғылдануда.

 «Алдын-ала ақпарат бойынша ұсталғандардың ішінде Орталық Азия мемлекеттерінің бірнеше азаматы бар. Оның біреуі 10 жылдан астам уақыт бойы Қырғызстан аумағында тұрған біздің азамат екендігі жөнінде ақпарат барын айттым. Басқа азаматтарға қатысты айтатын болсақ, қазір біз бұл мәселемен айналысудамыз. Ақпараттың түсуіне, бұл істің айқындылығына қарай  БАҚ өкілдерін хабардар ететін боламыз», деп толықтырды сөзін І. Омаров.

 Қырғызстанның«24.kg» Ақпарат агенттігінің таратқан дерегіне сүйенсек, Қырғызстанда лаңкестік қызметке қатысы бар 18 адам тұтқындалған. Бұл туралы Агенттікке шілденің 17-сінде Қырғыз Республикасының Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз орталығы хабарлаған. Оның мәліметі бойынша, ұсталғандардың бесеуі шетелдік лагерлерде оқудан өткен. Тұтқындалғандардың кейбіреулері Ауғанстандағы антитеррористік коалицияның күштеріне қарсы әскери іс-қимылдарға қатысқан. Лаңкестерге көмектескендері үшін тұтқындалғандар Қырғызстанда жалған төлқұжаттарды әзірлеумен, бас қосатын пәтерлерді, қозғалатын және байланыс құралдарын дайындаумен, содырлардың тобын азық-түлікпен қамтамасыз етумен айналысқан. Қырғыз Республикасының Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз орталығының мәліметінше, араларында Қырғызстанның, Өзбекстанның және Қазақстанның азаматтары бар лаңкестердің жандайшаптарын тұтқындау республиканың оңтүстігінде арнайы екі операция өткізілгеннен кейін басталған.