Қырғызстанның Социал-демократиялық партиясы, «Атажұрт» және «Республика» партияларынан құрылған коалиция бұл лауазымдарға өз кандидаттарын ұсынды. Сонымен, Жогорку Кенеш спикері болып «Атажұрт» партиясының мүшесі Ахматбек Келдібеков сайланды. 44 жастағы саясаткер ұзақ уақыт бойы Қырғызстанның қаржы жүйесінде лауазымды қызметтер атқарған. Жасырын өткен дауыс беруге барлығы 116 депутат қатысты, жаңа спикерді қолдап - 101 депутат дауыс берсе, 14 депутат - қарсы болды.
Үзілістен кейін қырғызстандық парламентшілер Премьерлікке ұсынылған Алмазбек Атамбаевтың кандидатурасын және оның экономикалық бағдарламасын талқылады.
Кеден одағына қосылуды, Ресей және Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуды елдің сыртқы экономикалық басымдықтарына жатқызып отырған А.Атамбаевты қолдап 92 депутат дауыс берді, 88 депутат үкіметтің жаңа құрамына қолдау білдірді. Жаңадан сайланған спикер А.Келдібеков депутаттарды заңды үкіметтің жасақталуымен құттықтады.
Кешірек Жогорку Кенешке ел Президенті Роза Отынбаева ханым келіп, Ахматбек Келдібековты спикерлікке сайлануымен, Алмазбек Атамбаевты Премьер-Министр болуымен құттықтады. «Республика» фракциясының жетекшісі Өмірбек Бабановқа коалиция құрғаны және үкіметті бекіткені үшін алғыс білдірді.
Қырғызстан саяси құрылыстың жаңа кезеңіне аяқ басып отырғанын атап көрсеткен Р.Отынбаева, елді жүйелік өзгерістер күтіп тұрғанын айтты.