Қырғызстанда педофилдер қаптап барады

АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат -  Қырғызстанда педофилдер қаптап барады. Жыл басынан бері Бішкек қаласының өзінде балаларға қиянат жасаған 34 қылмыс тіркеліпті.

Айырқалпақты ағайындардың атқамінерлері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмау туралы ескерту жасап, дабыл қағуда. Сондай-ақ Қырғыз билігі бүлдіршіндерді қорлаған азғындарды химиялық жолмен кестіруді ұсынып, заңға өзгерту енгізбек ниетте.
Бұл туралы BNews.kz хабарлайды.

КТК телеарнасының хабарлауынша, 43 жастағы Николай есімді педофил 7 жасар қызды адам аяғы баспайтын жерге алдап апарып, ойына келгенін істеген.

Баланың бақырып жылаған даусына жүгіріп келген жұртқа Николай өзін қыздың туған ағасымын деп таныстырыпты. Десе де бір бәледен күдіктенген азаматтар милицияға хабар берген. Тәртіп сақшылары жеткеннен кейін ғана нағыз сұмдықтың беті ашылды. Қазір педофил соттың үкімін күтіп, қамауда отыр. Ал бүлдіршін психологтардың жіті бақылауында. Оның анасы болса, айуандық жасаған азаматты ең қатал жазаға кесуін талап етуде.

Тағы бір сұмдық жағдай Ыстықкөл облысында орын алған. Анасы 12 жастағы қызының жүкті екенін алтыншы айында бір-ақ біліпті. Сөйтсе, жасөспірімді өгей әкесі бір жылдай зорлап келген екен. Ал жуырда Бішкек қаласында балаларды жалаңаштап суретке түсіріп, артынша арам ойын жүзеге асырып жүрген фотограф құрықталды. Жалпы жыл басынан бері көрші елде осы іспеттес 34 қылмыс тіркелген. Қырғыз билігі қаптаған педофилдерден құтылу үшін оларды химиялық жолмен кестіруді ұсынып отыр. Қазір тиісті заң жобасы да дайындалуда. Тәртіп сақшылары болса, ата-аналарға балаларынан көз жазып қалмауды теледидар арқылы ескертуді бастаған.