Қырғызстанда президент қызметіне үміткерлерді ұсыну аяқталды

АСТАНА. 16 тамыз. ҚазАқпарат - Қырғызстанда 16 тамызда сағат 00.00-де ел президенті қызметіне үміткерлерді ұсыну аяқталды.

ОСК баспасөз қызметі хабарлағандай, президент қызметіне үміткер болуға 83 адам өтініш білдірген, оның 16-сы -саяси партиялардан, 67-сі - өзін өзі ұсынушылар.

«Президент және Жогорку Кенеш депутаттарын сайлау туралы» Қырғызстан Республикасының заңына сәйкес, президенттікке үміткер сайлаушылардың кем дегенде 30 мың қолын жинаған, тіркелген тұлға болуы мүмкін. Одан бөлек, ОСК арнайы шотына 100 мың сом кепіл салуы, 50 млн. сомнан аспайтын сайлау қорын құруы және мемлекеттік тілден емтихан тапсыруы міндет.

Президент қайта сайлау құқығынсыз 6 жыл мерзімге сайланады. Мемлекет басшылығына үміткердің жасы 35-тен кем және 70-тен жоғары болмауы, Қырғызстан аумағында кем дегенде 15 жыл тұрақты тұруы тиіс.