Қырғызстанда сәбиді заңсыз алып шықпақ болған қазақстандық азаматша ұсталды

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Мемлекеттік шекараның қырғызстандық-қазақстандық шекара учаскесіндегі «Кен-Булун-автодорожный» (Қырғызстан) өткізу бекетінде басқа біреудің туу туралы куәлігі бойынша жаңа туған сәбиді Қырғызстаннан заңсыз шығармақ болған Қазақстан Республикасының азаматшасы ұсталды. Бұл туралы Қырғызстанның Мемлекеттік шекара қызметінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Қырғызстаннан жаңа туған ұл баланы заңсыз шығармақ болған Қазақстан тұрғыны төлқұжатты бақылаудан өту кезінде жасы үлкендеу қызға берілген туу туралы куәлікті берген.

Ұсталған азаматша шекараны бұзғаны үшін тиісті құжаттарды толтырып болған соң ІІМ аумақтық құрылымының қызметкерлеріне тапсырылды.