Қырғызстанда сел салдарынан 71 үй су астында қалды

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Бүгін Қырғызстан Республикасының премьер-министрі Темір Сариевтің тапсырмасымен төтенше жағдайлар министрі Кубатбек Боронов Талас облысына шықты. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.

Жуырда Талас облысының Кара-Коо және Чанды аудандарында толассыз жаңбыр салдарынан елді мекендер зардап шекті.

Алдын ала болжам бойынша, Арал ауылында тексерілген 118 үй шаруашылығының 71 үйі су астында қалды, төртеуі апаттық жағдайда, 10 тұрғын үйдің жертөлелерін су басты, бір қора бұзылды. Ауыл шаруашылығына пайдаланатын жердің 18,5 гектары су астында қалды. Андаш каналына зақым келтірілді. Құтқарушылар мен жергілікті тұрғындар тазарту және қалыпқа келтіру жұмыстарын атқарып жатыр. Адам шығыны туралы хабарланбады. Елдің ТЖМ сайтында келесі ескерту жарияланған: «11-13 мамыр аралығында толассыз жаңбыр салдарынан таулы аймақтарда сел болып, өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін».