Қырғызстанда сейсмикалық қауіпсіздік бағдарламасы жасалуда

БІШКЕК. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Сәулет және құрылыс жөніндегі мемлекеттік агенттікте ведомство басшысы Қаныбек Нарбаевтың төрағалығымен жұмыс кеңесі өтіп, онда 2011-2015 жылдарға арналған Қырғыз Республикасының сейсмикалық қауіпсіздік бағдарламасын әзірлеу және оны жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Қаныбек Нарбаев аталмыш жобаны жүзеге асырудың маңыздылығына ерекше тоқталып өтті. «Қырғызстанның сейсмикалық белсенді аумақта орналасқаны, оның аумағында 8,9 және 9 балдан асатын дүмпулердің болу ықтималдығы жалпыға аян. Тек қана соңғы бес жылдың ішінде республикада үш қатты жер сілкінісі болып, үлкен материалдық шығын әкелді, адам өлімдеріне себеп болды. Сондықтан да, сейсмикалық ахуал еліміздің құрылысы саласына ерекше талап қояды, қолданыстағы және жаңадан салынып жатқан нысандардың сейсморнықтылығын арттыру мақсатында ұзақмерзімдік және мақсатты мемлекеттік саясат жүргізу қажет», деп мәлім етті ол.