Қырғызстанда шыңға Владимир Путиннің есімі берілді

АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Қырғызстан Президенті Роза Отынбаева Қырғыз тауларының біріне «Владимир Путин шыңы» географиялық атауын беру туралы заңға қол қойды, деп хабарлады Утро.ру агенттігі.

Енді Ресей премьерінің есімін бұрын атаусыз болып келген Шу облысының Мәскеу ауданындағы Қырғыз жотасының шыңы ресми түрде иеленетін болды. Владимир Путин шыңының биіктігі 4446 метр. Заңға 11 наурызда қол қойылған болатын, алайда Қырғыз Президентінің сайтында бүгін жарияланды.

Бұған дейін Қырғызстандағы тағы бір шыңға Ресейдің экс-президенті Борис Ельциннің есімі берілген болатын. Биііктігі 3,5 мың метрлік Ельцин шыңы 2002 жылы Ыстықкөл облысында пайда болды.