Қырғызстанда табиғи саяси дамуды қалпына келтіру үрдісі жүріп жатыр

АЛМАТЫ. Шілденің 28-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қырғызстанда табиғи саяси дамуды қалпына келтіру  үрдісі жүріп жатыр. Бұл бүгін   Алматыда  өткен "Орталық Азиядағы саяси жүйелердің трансформациясы" деп аталатын дөңгелек үстел жиынында айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         "Қырғызстанда шілденің 23-індегі Президент сайлауында 2005 жылғы жағдай қайталанған жоқ.  Оған сыртқы факторлардың әсері өте төмен деңгейде болды. Барлық геосаяси ойыншылар мен  көрші, серіктес мемлекеттерді қазіргі саяси билік қанағаттандырып отыр. Сондықтан олардың сайлау науқанына ықпалы болған жоқ. Қазір Қырғызстанда табиғи саяси дамуды қалпына келтіру жүріп жатыр. Ол бұған дейін тарихи екі жағдаятқа байланысты бұзылып қалған еді", дейді ТМД елдері институтының Бішкектегі аймақтық филиалының директоры Александр Князев. Оның айтуынша,  алғашқысы өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы кеңестік халықтың өмір салтын күштеп өзгерту саясаты болса, екіншісі - Қырғыз Республикасының Тұңғыш президенті Асқар Ақаевтың тұсындағы демократияландыру кезеңі болды.