Қырғызстанда ТМД елдерінің VIII Халықаралық спорт ойындары өтеді
17:12, 04 Тамыз 2012
АЛМАТЫ. 4 тамыз. ҚазАқпарат - Қыркүйектің 4-12 күндері Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында ТМД елдерінің VIII Халықаралық спорт ойындары өтеді.
Спорттың 15 түрі бойынша өтетін бұл байрақты бәсекеге 500-ден астам спортшы қатыспақ. Олар - кір тасын көтеру, жеңіл атлетиака, дартс, шағын футбол, жағажай футболы, теннис, үстел теннисі, армрестлинг, жүзу, волейбол, стритбол, арқан тарту мен күрестен өзара сайысқа түспек.
Бұл шара ТМД елдері Үкімет басшылары кеңесінің 2007 жылғы 25 мамырдағы шешімімен өткізіліп келе жатыр. ТМД елдерінің соңғы Халықаралық спорт ойындары 2008 жылы 24-29 қыркүйекте Молдованың Кишинев қаласында болды. Онда сондай-ақ, Халықаралық ғылыми конгресс пен спорттық фильмдер фестивалі де ұйымдастырылған болатын.