БІШКЕК. ҚазАқпарат – Қырғызстанда 19 қыркүйек қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасындағы қақтығыстар кезінде азаматтардың қайтыс болуына байланысты ұлттық аза тұту күні болып жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қол қойған Жарлыққа сәйкес, ұлттық аза тұту күні елдің бүкіл аумағында, сондай-ақ шет елдердегі дипломатиялық және консулдық мекемелер ғимараттарында республиканың мемлекеттік туы төмен түсіріліп, ойын-сауық мерекелері өткізілмейді, көңіл көтеретін теле-радиобағдарламалар көрсетілмейді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері Самарқандағы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) саммиті аясында қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай бойынша келіссөздер жүргізді.
Айта кетейік, Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасындағы қақтығыс сәрсенбі, 14 қыркүйекте басталған болатын. Қырғызстан шекара қызметі тәжік әскерилерін ортақ шекараның белгіленбеген учаскесінде позиция ұстанды деп айыптады. Тәжік тарапы өз сарбаздарына себепсіз оқ жаудырғанын алға тартады.
Гүлнұр Ғазизқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі. Еңбек жолын «Қазақ әдебиеті», «Сақшы» газеттерінен бастаған. «Дала мен Қала» республикалық қоғамдық-саяси апталығында тілші, жауапты хатшы болып істеді. «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының тілшісі, «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі, Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары – бас редакторы болды.
Ақпарат саласының үздігі.
«ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылғы 1 сәуірден бастап істейді. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі басқарушы директорының орынбасары – қазақ редакциясының бас редакторы.