Қырғызстанда ұшақ апаты орнында іздестіру жұмыстары қайта жаңғырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстанда Boeing 747-400 жүк ұшағы құлаған орында іздестіру жұмыстары қайта жаңғырды, деп жазды РБК.

Жақында, 16 қаңтар күні Бішкектің Манас әуежайына жақын Дача-Суу ауылында Гонконгтен Түркияға бет алған жүк ұшағы құлады.

Сейсенбі күні апат орнына Халықаралық авиация комитетінің мамандары келеді деп күтілуде. Олар «ұшақтың артқы бөлігі мен фюзеляж бөліктері жатқан орынды тексереді», - деді «Интерфакс» агенттігіне апат себептерін анықтайтын үкімет штабының өкілі. Сондай-ақ, тексеруге ұшақ тиесілі болған түркиялық ACT Airlines компаниясының өкілдері де қатысады.

Құлаған орын зерттелген соң, үй төбелерін жауып қалған сынықтарды алады,оның астында да мәйіттер жатуы мүмкін. «Әзірге көз жұмған 32 адам мен табылған 9 фрагмент туралы айтып отырмыз», - деді агенттікке сұхбат беруші.

Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігі 36 адамның мерт болғанын, 32 адамның аты-жөні анықталғанын хабарлады. Құрбан болған 32 адамның төртеуі - түрік ұшағының экипажы және 28-і - Қырғызстан азаматтары.    

Ұшақ Гонконгтен Ыстанбұлға бет алған, апат салдарынан елді мекенде 32 үй қираған. Алдын ала болжам бойынша, әуе апаты «ұшқыштың қателігінен» болған.