Қырғызстанда жемқор шенеуніктерді мемлекеттік қызметте 10 жыл бойы жұмыс істеу құқығынан айырмақ

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстанда қара тізімге енгізілген 172 жемқор шенеунік мемлекеттік қызметте 10 жыл бойы жұмыс істеу құқығынан айырылады.

Бұл туралы бүгін елдің премьер-министрі Темір Сариевтің қатысуымен өткен Қырғызстан Үкіметі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің бірінші кеңейтілген отырысында Қырғызстан Үкіметі аппаратының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-шаралар мониторингі бөлімінің меңгерушісі Тілек Саяқбаев мәлімдеді.

«28 тамызда жемқорлыққа қарсы іс-шараларды іске асыру бойынша бірінші жартыжылдықтың қорытындылары қарастырылған Үкімет отырысы болып өтті. Отырыс кезінде премьер-министр коррупциогендік қызметтер тізімін анықтау тапсырмасын берді. Сондай-ақ Бас прокуратура мемлекеттік кадрлық қызметімен бірлесіп, сыбайлас құқық бұзушылықтарға қатысы бар тұлғаларды мемлекеттік қызметте 10 жыл бойы жұмыс істеу құқығынан айыру мәселесін қарастырып отыр», - деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта мемлекеттік кадрлық қызмет жемқорлық қылмыстарына қатысы бар шенеуніктердің қара тізімі жасалуда.

«Бұл тізім қайта-қайта толықтырылып отыр, қазіргі кезде онда 172 мемлекеттік қызметкердің есімі жазылған», - деп атап өтті Т.Саяқбаев.