Қырғызстанда жол жиегіне көлік қалдырған жүргізуші жауапқа тартылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстанда енді көлікпен белгіленбеген жерге тоқтасаңыз, заң алдында жауап бересіз. Әкімшілік кодекске осындай жаңа бап қосылды.

Яғни көлігін жол жиегіне тастап кеткен азаматтар темір тұлпарын айып тұрағынан іздейтін болады. Қазіргі таңда тек Бішкектің өзінде 400 мыңға жуық көлік бар. Олардың көбі белгіленбеген жерге тоқтауды машыққа айналдырған. Енді ондай еркіндікке жол жоқ. Ел үкіметі алдағы үш ай көлемінде заңнаманы бекітіп, күшіне енгізбек.

«Жол белгілерінің астында эвакуатор жұмыс істейтіндігі туралы ақпарат ілінеді. Егер заңға құлақ аспаса, көлігін айып тұрағына алып кетеді», - дейді Қырғызстан патрульдік милиция бөлімінің басшысы Нұр Сатыбалдиев.

Жаңа заң республиканың барлық аймағына қатысты болмақ. Мәжбүрлі эвакуация кезінде көліктің иесі болуы шарт емес, деп жазады 24.kz. Ал заңгер мамандар протокол толтыру тәртібіне ерекше мән беру керек дейді. «Тыйым салынған жерлерге тосқауыл қою керек. Соңғы кезде тіпті жаяу жүргіншілер мен бағдаршамның маңына көлігін қойып кететінді шығарған. Ол өз кезегінде көптеген кедергілер келтіреді», - дейді заңгер Қайрат Осмоналиев.

Алдағы үш айдың көлемінде жеке эвакуациялық компаниялармен келісімшарт жасасу жүргізіледі. Бұған дейін жергілікті милицияның көлікті эвакуатормен алып кетуге құқы болмаған. «Енді жолдағы тәртіп те бір қалыпқа түседі», - дейді мамандар.