Қырғызстанда жыл сайын 11-12 үшем дүниеге келеді

Фото: None
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Жыл сайын Қырғызстанда орташа есептегенде 12 үшем, бір төртем дүниеге келеді. Бұл туралы республикалық медициналық-ақпараттық орталық директоры Лариса Мырзакәрімова хабарлады.

«Қырғызстанда орташа жылына 11-12 үшем дүние есігін ашады, мысалы, 2013 жылы 12, 2014 жылы да сонша үшем өмірге келген. Төртем жылына бір рет орын алуда, өткен жылы да, биыл да бір төртем дүниеге келді», - деп хабарлады Л. Мырзакәрімова.

Оның айтуынша, егіздер Қырғызстанда көбірек туылады, 2013 жылы олардың саны 1111 болса, 2014 жылы 1466-ға жеткен.

Жаңа туылған нәрестелерге саясаткерлердің есімін беру дәстүрге айналған. Ыстықкөл облысында 2011 жылы туылған үш егізге Өмірбек, Роза, Алмазбек есімдері берілген.

Қырғызстанда бірінші төртем биыл 9 сәуірде Нұрлан Зарнаев пен Гүлайым Абдылдаевтың отбасында дүниеге келді. Оларға белгілі тұлғалар Алмазбек, Асылбек, Қуанычбек, Қамчыбек есімдері берілді.