Қырғызстандағы Уақытша үкімет Ыстықкөлдегі Қазақстанға тиесілі 4 пансионатты мемлекет иелігіне қайтармақ - республикалық басылымдарға шолу
***
«Биылғы жыл Үкімет үшін қарбаласы көп шаруамен басталды. Жыл басынан бастап, Ресей және Беларус елдерімен бірігіп, Кеден Одағының құрылуына байланысты оның тиісті тетіктерін, құқықтық базасын қамтамасыз ету бағытында көптеген жұмыстар жүргізілді. Кеден Одағы құрылған соң онда әр елдің өзіндік ұлттық мүддесі болатындығы белгілі. Қазақстан мүддені қорғау үшін ауыр келіссөздер жүргізуге де тура келді. Бір қуаныштысы, осы бағытта жүргізілген келіссөздер барысында еліміздің ұлттық мүддесі артығымен қорғалды деп айтуға болады», деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында. «Бес айдың биік белесі» атты тақырыппен шыққан мақаладан үкіметтің осы уақытта атқарып жатқан шаруалары мен болашақ жоспарлары, Кедендік Одақ аясындағы жұмыстар мен еліміздің аймақтарына сапары жөніндегі мол мағлұматтардан қанығасыз.
Сондай-ақ осы басылым Ертістегі Керекудің - Республикадағы экономикалық әлеуеті жағынан алдыңғы орындардың біріндегі әлеуетті индустриялық орталық екендігін, осыған қарай мұндағы көмір, мұнай өңдеу, машина жасау және энергетикалық салалар егемен еліміздің өркендеуіне салмақты үлесін қосып жатқандығын айтады. «Павлодар облысында Қазақстан көмірінің 60 пайыздан астамы, елдегі бүкіл алюминий және электр қуатының 40 пайызы өндіріледі. Жақын жылдарда Қазақстанның стратегиялық жоспарында жүздеген кәсіпорындар салу межеленсе, оның 42 нысаны Павлодар облысында іске қосылады» деп жазады басылым «Келешегі кемел Кереку» атты мақалада.
***
«Қырғызстанның Ош және Жалалабад облыстары үшін ең өзекті мәселе гуманитарлық көмек проблемасы болып отыр. Ресейлік ақпараттық сайттардың хабарлауынша, қалаларда әлі де оқта -текте оқ атылып жатқан соң, адамдар көшеге шығуға қорқып, өз үйлеріне тығылған. Қиратылып тоналған дүкендер мен базарлар істен шыққан. Осы орайда көптеген көршілес елдер гуманитарлық көмек жеткізуді жалғастырып келеді», деп жазады «Айқын» басылымы «Алаңдаушылық әлі де бар» атты мақалада. Онда мақала авторы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға ретінде осы елге көмек қолын созып отырғанына қарамастан Қырғызстанда қазақ бизнесіне қатысты даулы мәселе көтеріліп отыр. Яғни Қырғызстандағы Уақытша үкімет Ыстықкөлдегі Қазақстанға тиесілі 4 пансионатты мемлекет иелігіне қайтару қажет деп санайды.
Аталмыш басылым сонымен қатар «Жеке әуе көліктерімен көкте қалықтауға аңсары ауған азаматтарға әлі де болса біраз армандай тұруларына тура келеді. Себебі сенаторлар «Кейбір заңнамалық актілерге авиация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын төменгі палатаға қайта қайтарды», деп жазады «Қос шатырлы Парламент жазғы демалысқа кетуге қамданып жатыр», атты мақалады. Онда мақала авторы Қазақстан азаматтарының «темір тұлпардан» «темір қыранға» көшу идеясын бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеевтің енгізгендігін айтады. Африкаға барып келген Өмірзақ Естайұлы африкалықтардың елді мекендер арасында жеңіл ұшақтармен қатынайтындығына куә болып, елге келе сала оны осында да іске асыруға кіріскен. Бұл ұсыныс үкімет тарапынан қолдау тауып, дайын тұрған салалық заң жобасына бап түрінде енгізіліп, Парламентке жол тартқан.
***
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Мұнай және мұнай өнімдерінің маркетингі департаментінің директоры Серік Байсексенов Кедендік Одақтың құрылуына байланысты жанар-жағар май бағасы Қазақстанда 10-15 пайызға көтерілуі мүмкіндігін айтады. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан мен Ресей арасындағы бөлшек саудадағы жанар-жағар май бағасының айырмашылығы қазір орташа есеппен 20-25 теңге болады. Бұған қатысты мәселені Кедендік Одақ елдерінің салық заңнамаларын үйлестіру арқылы шешуге болатынын алға тартқан ұлттық компанияның өкілі Данияр Тиесов былай деп отыр: Нарық өзінше реттейді ғой, ал мен Ресейде бағаны белгілі бір мөлшерде арзандатып, ал Қазақстанда сонша мөлшерге көтеру арқылы бағаларды үйлестіруге болады деп ойлаймын», дейді» деп жазады «Алаш айнасы» басылымы. Мұнай , газ саласы мен жанар-жағармайға қатысты мәселелер жөнінде толығырақ білгіңіз келсе, «Алаш айнасының» бүгінгі санындағы «Мұнай өңдеудің өңі қашып тұр ма ?», атты тақырыпта жарияланған мақаланы оқыңыз.
Сондай-ақ осы басылым кеше Қырғызстанның Уақытша үкіметі төрағасының орынбасары, прокуратура және сот істері жөніндегі үйлестіруші Әзімбек Бекназаровтың егер Ұлыбританияға Максим Бакиевті елге қайтармаса, АҚШ-тың Манастағы транзиттік тасымал орталығын елден шығаратынын мәлімдеп, екі елге ультиматум қойғандығын жазады. «Ұлыбританияда Максим Бакиев ұсталды ма, әлде өз бетімен қолға түсті ме - соны айқындау керек», деген ол Бакиевтің жайы Путиннің уысына түспей қойған Березовскийдің вариантына ұқсап кетуі мүмкін деп есептейді», деп жазады.
***
Алдағы жексенбіде еліміздің медицина саласының мамандары өздерінің кәсіби меркелерін атап өтеді. Осыған қарай «Литер» басылымы бүгінгі санында осы сала мамандарымен сұхбат ұйымдастырыпты. «Медикер» медициналық қызмет көрсету компаниясының Бас директоры Гүлжан Садырбаева алдағы уақытта өзі басқаратын компанияның жеке медициналық орталықтар салу мәселесін жоспарлап отырғандығын айтады. «Қазіргі таңда компания құзырындағы мұндай жеке орталықтар саны 2-у. Біріншісі Алматыда, екіншісі Жаңаөзенде. Ал жылдың соңына дейін аталмыш орталықтар Астана мен атырауда да ашылмақ. Астаналық аналардың қуанышына орай, біздің компания жаңа педиатрия бөлімін ашады», дейді
Бас директоры. Еліміздің медицина саласына қатысты түйткілді мәселелер жөнінде білгіңіз келсе, «Литер» басылымының бүгінгі санындағы «Неслучайные люди» атты мақаланы оқыңыз.
***
«Казахстанская правда» басылымының хабарлауынша, маусым еліміздің аймақтары үшін үдетілген индустриялық-инновацялық бағдарлама аясында жаңа өндіріс ошақтары көптеп іске қосылған ай болып отыр. Бұл елде өнеркәсіп саласының дамып отырғандығының ғана емес, жаңа жұмыс орындарының ашылып, жалпы ел экономикасының дамып отырғандығынң көрсеткіші. «Мысалы Ақтөбе облысында «Рамазан» ЖШС-і құс фабрикасы мен аммонит өндіретін цех «Нитрохим» ЖШС-і сияқты барлығы 4 жоба іске қосылды. Ай соңына дейін облыста тағы 8 маңызды нысан іске қосылады. Соның арқасында алғашқы жартыжылдықта құны 55,8 миллиард теңгені құрайтын 12 ірі өндіріс ошағы жұмыс істей бастайды. Өз кезегінде аталмыш шаралар аймақта 2 мың жаңа жұмыс орнының ашылуына түрткі болады деп күтілуде», деп жазады басылым «Прорывные проекты в сроки» атты мақалада.