Қырғызстандағы жағдайдан зардап шеккен қазақстандық азаматтың елге қайтқысы келмейді - СІМ

АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Қырғызстандағы жағдайдан зардап шеккен қазақстандық азамат елге қайтқысы келмейді»,

деп мәлімдеді бүгін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов журналистермен кездесуі барысында, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетейік, Сыртқы істер министрлігі Қырғызстанда болған жағдайлар кезінде қазақстандық бір азаматтың мерт болғандығы жөнінде осыған дейін хабарлаған болатын.

А.Әбдірахмановтың сөзіне қарағанда, осы оқиғалар кезінде зардап шеккен тағы бір қазақстандық азамат ауруханада жатыр және оның жағдайы бірқалыпты. «Алайда, ол Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігі өкілдерінің оны елге қайтару жөніндегі ұсынысын қабыл алмаған және өзінің қырғыз елінде қалғысы келетіндігін айтты», деді ресми өкіл.