Бұл туралы Қырғыз Республикасы Жогоргу Кенеш төрағасы Ахматбек Келдібеков кеше Бішкек қаласында Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасқа арналған баспасөз мәслихатында айтты.
"Еңбек мигранттары мәселесін Қазақстанға жасалған ресми сапар кезінде көтергенбіз. Ондағы іс-шаралардың бірі Қырғызстандағы 2010 жылғы сәуір оқиғасынан кейін қауіпсіздік мәселесіне орай жасалған. Жақын арада Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қырғызстанға ресми сапармен келеді. Үкіметаралық кеңес бар. Соның негізінде бұл мәселелердің барлығы шешіледі", - деді Ахматбек Келдібекұлы. Оның айтуынша, 90 күнге дейін жеңілдетілген үлгімен өту бойынша іс-шаралар ойластырылып жатыр. Ешқандай қарсылық жоқ. Мәселен, Ресейдің көші-қон қызметі жетекшілерімен жасалған келісім бойынша қырғыз мигранттары үшін патент жүйесі енгізілген. Олар патент алу арқылы Ресейде жұмыс істеуге рұқсат алады.