Қырғызстандық-өзбекстандық шекара учаскесіндегі даулы жағдай тұрақталды

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстан Мемлекеттік шекара қызметі баспасөз қызметінің ақпаратынша, Қырғызстан мен Өзбекстан шекара құрылымдары қол жеткізілген келісімдерге сәйкес шекараны күзетудің штаттық режиміне көшті.

Бүгін жергілікті уақытпен таңғы сағат 07.45 өзбек тарабы Жалалабад облысы аумағындағы қырғыз-өзбек шекара учаскесінен әскери техника мен әскерилерін шығара бастады.

Жуырда «Қызыл-Қия-автодорожный» (Қырғызстан) өткізу бекетінде Қырғызстан мен Өзбекстанның шекара ведомстволардың басшыларының кездесуі өтті. Кездесуде Қырғызстанның Мемлекеттік шекара қызметінің төрағасы генерал-майор Райимберди Дуйшенбиев пен Өзбекстанның ҰҚҚ шекара әскерінің қолбасшысы генерал-майор Рустам Эминжанов қырғыз-өзбек мемлекеттік шекарасындағы жағдайды талқылап, оны тұрақтандыру жолдарын қарастырды.