Қырғызстанға көмек көрсетуде ЕҚЫҰ-ның әлеуетін пайдалана отырып, халықаралық деңгейде күш біріктіру қажет- Қ Саудабаев

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. Шілденің 17-сі. ҚазАқпарат /Расул Бахамов/ - Қазіргі таңда Қырғызстан Республикасына жан-жақты көмек кеөрсетуде ЕҚЫҰ-ның әлеуеті мен тәжірибесін пайдалана отырып, тездетіп халықаралық деңгейде күш біріктіру қажет.

Бұл жайында бүгін ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев мәлімдеді.

ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде жасаған баяндамасында ол Қырғыстандағы жағдайды тұрақтандыруға байланысты атқарылған іс-шараларды ортаға салды.

Атап айтқанда, Қ.Саудабаев, «біздің Ұйымның, БҰҰ және ЕО-ның арнайы өкілдерінің үйлестіруімен Қырғызстанда жедел әрі мақсатты көмек көрсетудің жоспары жасалды. Сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның Қырғызстанға дау жанжалдан кейінгі тұрақтандыру және бейбітшілік үрдістерін қалпына келтіру бағытында консультативтік және сараптамалық көмек көрсетудің жоспары жасалып жатыр», деді.

Оның сөзіне қарағанда, қырғыз жағының өтінішіне орай жақын арада Ош және Жалалабад облыстарына полицейлердің консультативтік тобын жіберу туралы қабылданатын шешім үдерісі аяқталып келеді.