Қырғызстаннан Қазақстан арқылы тасымалданатын транзиттік көліктерге рұқсат талап етіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Хаттамаға 2014 жылдың 7-қарашасында Астана қаласында қол қойылған.

Құжатқа сәйкес, Қазақстан мен Қырғызстан арасында жүктерді автокөлік құралдарымен тасымалдау барысында, сондай-ақ уақытша тіркеу нөмірлері бар, айырым белгілерінсіз бос автокөлік құралдарын межелі жерге айдап бару кезінде рұқсат болмаса да жүзеге асырылады. Ал жүктерді екінші тарап мемлекетінің аумағынан үшінші елдерге тасымалдау жүзеге асырылса тиісті мемлекеттік құзыретті органынан алынған рұқсат қажет болады.

«Қырғызстанмен арада автомобиль тасымалдары жыл сайын өсіп отыр. Былтырғы жылы өсім 9 пайызды құрады. Бүгінгі күні үкіметаралық келісімге сәйкес, екіжақты транзиттік тасымалдар, сондай-ақ үшінші елдерге тасымалдар рұқсатсыз негізде реттеліп келеді. Алайда, жүк тасымалдарының рұқсатсыз жүйесі қазақстандық тасымалдаушыларға теріс әсерін тигізіп отыр. Сондықтан келісімге өзгеріс жасалды. Бұл бойынша үшінші елдерге тасымалдарға рұқсат жүйесін енгізіп отырмыз. Бұл отандық тасымалдаушыларды қолдауға көмектеседі», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жолданады.